2019 жылғы 16 сәуірде генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінде «Оқытудың жаңа тәсілдері: жолдары, тәжірибесі, болашағы» атты республикалық оқу-әдістемелік семинар өтті.

Семинарға Алматы қаласынан Б.Момышұлы атындағы, Шымкент қаласынан С.Рахымов атындағы, Қарағанды қаласынан Т.Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» мектептерінен және Нұр-Сұлтан қаласының жалпы білім беретін мектептерінен оқытушылар мен мектеп тәрбиеленушілерінің ата-аналары қатысты. Семинардың ашылу рәсімінде мектеп бастығы әділет полковнигі Басхожаев Тлеухан Қалилаұлы сөз сөйлеп, биылғы Елбасының жолдауында 2019 жылдың жастар жылы екен, жастарға көңіл бөлініп жатқандығын және де педагог мәртебесі жайлы айта келіп: «Барлығымыздың ортақ ниетіміз бүгінгі ұрпақты тәрбиелі де, білімді етіп шығару біздің басты міндетіміз»,- деп семинар қатысушыларына сәттілік тіледі.
Семинар барысында Нұр-Сұлтан қаласының Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері Ж.Байгаринова мен З.Идришева мектеп кітапханасында «Тиімді сабақтың критерилері» коучинг-шеберлік сағатын көрсетті. Ал қала бойынша «Ұлттық мұра» платформасының жетекшісі Р.Ш.Шамуратова «Мектеп, қоғам, отбасы сабақтастығы – рухты ұрпақ кепілі» тақырыбында коучинг ұйымдастырып, қатысушыларды қызықтыру үшін «Отбасы», «Мектеп», «Қоғам» деп үш топқа бөліп, тапсырмалар берді. Ата-аналардан, мұғалімдерден құралған әр топ бала тәрбиесінде отбасының, мектептің және қоғамның алар орны туралы өз ой-пікірлерін таласа жеткізді. Мектебіміздің көпті көрген тәжірибесі мол жоғары санатты мұғалімдерімен қатар жас мұғалімдері де ашық сабақтарын көрсетті. Олар тарих пәнінің мұғалімі С.А.Ақылбаев, физика пәнінің мұғалімі А.К.Узденбекова, математика пәнінің мұғалімі К.Ш.Карагаев, информатика пәнінің мұғалімі Г.Ө.Ермағанбет, тарих пәнінің мұғалімі Д.К.Искакова.

Қазақ тілі пәні мұғалімі А.Ж.Мукушева, орыс тілі пәні мұғалімі А.К.Серикова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі С.Т.Аубакирова қазақ, орыс және ағылшын тілінде «Үштілділікті жаппай барлық жастағы білім алушыларға енгізу керек пе?» тақырыбында кіріктірілген пікірталас өткізді.

Семинар соңында мектеп бастығының орынбасары – оқу бөлімінің бастығы подполковник Х.Б.Байкенов генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің құрылғанына биыл 20 жыл мерей тойы қарсаңында ұйымдастырылған семинардың жақсы деңгейде өткендігін атап өтіп, оқу бөлімі бастығының оқу-әдістемелік жұмыстары бойынша орынбасары А.К.Амержановаға және осы іс-шараны ұйымдастырушыларға алығысын айтып, семинар қатысушыларына сертификаттар тапсырды.


Нұр-Сұлтан қаласы. Генерал С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы
«Жас ұлан» республикалық мектебінің қызметкері Лида Диханқызы


Мекенжай: 010000, Астана қ. сол жағалау, Қорғалжын тас жолы, 16/1 үй

Кезекшілік бөлімі: +7 (7172) 27-29-91
+7 708 970-38-53
+7 701 674-09-96

e-mail: voencol@mail.kz

Инстаграм: militarycollege