Құрметті ата-аналар (заңды өкілдер), ең алдымен, барлық шектеулер мен қиындықтарды біле отырып, «ұлан» болуды таңдаған балаларды тәрбиелегендеріңізге ризашылығымды білдіргім келеді.
Сіздермен Шарт жасасқаннан кейін, біздің түлектеріміздің болашақтағы тағдырына қатысты сұрақтар жиілеп кетті.
Әскери колледжді бітіргеннен кейін әрбір түлек үшін кез-келген жоғары оқу орнына түсу құқығы сақталады. Бұдан басқа, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 47-бабына сәйкес сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсетін болса, оқуға жұмсалатын шығындардың елу пайызы бюджет қаражаты есебінен төленетіндігі туралы хабардар еткіміз келеді.
Сонымен қатар, біздің үздік түлектеріміз Бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсырмай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Жоғары әскери оқу орындарына оқудың екінші курсына түсуге мүмкіндік беретін тиісті нормативтік-құқықтық өзгерістер енгізу жоспарлануда.
ҚР «Білім туралы» Заңының 35-бабына сәйкес жоғары білімді жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар азаматтар алады. Азаматтың конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар.
«Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 19 бұйрығына сәйкес тәрбиеленушілер басқа оқу орындарына ауысу мүмкіндігінен айырылған жоқ.
Әскери қызметті жалғастыруға ниет білдірген үздік ұландар оқудың 3 курсында ант береді. Сіздерден, әскери колледж түлектерінің 10 жылдық келісімшарт жасасуын күшпен байланыстыру туралы алыпсатарлық сипаттағы тексерілмеген ақпаратқа назар аудармауларыңызды сұраймыз.
Сенімді және толық ақпарат біздің ресми сайтта орналастырылатын болады.