Конституция күні қарсаңында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде алғаш рет ант беру рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, Қарулы күштердің ардагерлері, Халық қаһарманы отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов, әскери колледждің оқытушылары, еліміздің әртүрлі аймақтарынан келген ұландардың туыстары мен жақындары қатысты.
Қалыптасқан дәстүр бойынша армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Әскери колледж тәрбиеленушілерін Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев құттықтады.
Ол өз сөзінде курсанттардың туыстарына:
– Балаларыңыздың бойына кішкентай күнінен патриотизмді сіңіріп, болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелегендеріңіз үшін сіздерге ризамыз. Сіздер ұлдарыңыз, бауырларыңыз Қарулы күштер қатарында елге қызмет ететінін және оның тұтастығын қорғайтынын мақтан тұтуларыңыз керек, – деді.
Әскери ант беру рәсімі аяқталған соң оқу орнының басшылығы экскурсия ұйымдастырды. Онда қонақтар колледж мұражайында болып, казарма, оқу аудиториясы және асханамен танысты.