Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты азаматтық және патриотизм сабағы өтті. Оны Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов жүргізді.

Ол колледж тәрбиеленушілеріне Отанға қызмет ету – ежелден әрбір қазақстандықтың құрметті міндеті болғанын, әрі абыройлы іс екенін айтты.

– Біздің ата-бабаларымыз Райымбек, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, сияқты ел қорғаған батырлардың ерлігімен тәрбиеленді. Олар көшпенді халықтың бостандық рухын оятып, жоңғар шапқыншылығы кезінде ұлы даланың азаттығы үшін күресіп, қан төкті, – деді министрдің орынбасары.

Колледж тәрбиеленушілерімен әңгімелесу барысында генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандық жауынгерлердің көрсеткен ерлігі жайында да сөз қозғады.

 – Патриотизм – адам жанының тереңінде жатқан ішкі сезім. Ол сөзбен емес, іспен бағаланады. Өзін және елін құрметтейтін әр адам өз халқына, әнұранына, туы мен тіліне ерекше сезіммен қарауы керек деп санаймын, – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Кездесу соңында әскери колледждің құрметті қонағы жастарға оқуда табыс тілеп, ата-бабаларының даңқты әскери дәстүрлерін жалғастыратынына және Қарулы күштер сержанттық корпусының қатарын толықтыра отырып, Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Мекенжай: 010000, Астана қ. сол жағалау, Қорғалжын тас жолы, 16/1 үй

Кезекшілік бөлімі: +7 (7172) 27-29-91
+7 708 970-38-53
+7 701 674-09-96

e-mail: voencol@mail.kz

Инстаграм: militarycollege