Бас әскери прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы, әділет полковнигі Абзал Байманов Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің жеке құрамымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында көрініс тапқан «Заң және тәртіп» қағидатының негізгі тұстары жан-жақты түсіндірілді. Абзал Байманов бұл ұстанымның құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтық санасын арттыру және қоғамда құқықтық мәдениетті дамыту жолындағы маңыздылығын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, кездесу кезінде әскери тәртіпті сақтау, заңнамаларды бұлжытпай орындау, курсанттардың құқық нормаларын сақтау үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыру мәселелеріне айрықша назар аударылды. Әділет полковнигі Абзал Байманов қоғамдық мүдделер мен азаматтардың құқықтарын қорғау – құқық қорғау органдарының, соның ішінде әскери прокуратураның басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Кездесу соңында ол жеке құрамды жоғары құқықтық сауаттылық танытуға, адалдықтың, әділдіктің және патриоттықтың үлгісі болуға шақырды.